Новости

«ЖУСАН»: оралу мен оңалу

«ЖУСАН»: оралу мен оңалу

2020-05-22

«Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Гуманитарлық акция жалғаса береді. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бейжай қарамаймыз. Аталған гуманитарлық операцияға қатысқан Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және шетелдік серіктестерге алғысымды білдіремін».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Ол Сирияға 2013 жылы аттанған еді. Алғашында тұрмысқа шыққан соң, білім алмаққа күйеуімен Египетке кетеді. Елінен алғаш ұзаған келіншек туған жерін сағынып, аз уақытқа болсын, жарынан үйіне жіберуін өтінеді. Ал, күйеуі болса тек «қайта қасыма оралатын боласың» деген шартпен рұқсатын береді. Кейін ата-анасының қасында 3-4 ай болып, Египетке еріне қайта оралғысы келеді. Сөйтіп, телефон арқылы «сол адам саған жол көрсетеді» деп әйелін, бір ахиға (бауыр) тапсырып, ол Түркия арқылы Сирияға бір-ақ асырып жібереді. Бойындағы үрейі үдей түскен ол нағыз от пен оқтың ортасына тап болғанын шекараға келгенде ғана сезеді, бірақ, шегінерге жол жоқ еді. …Иә, дәл осылай қанша қандастарымыз тағдыр тәлкегіне ұшырады? Дін жолынан ізгілік пен қасиет кезіктіреміз деген олар елден жырақ кетіп, қасіретке душар болатынын о баста сезбеген де еді…

 

ОЗБЫРЛЫҚ ОШАҒЫНДА

Жарылыс, жесір, жетім, жиһад. Сирия деген кезде санаңызға сап ете қалатын сұрықсыз суреттер. Иә, дін үшін деп кетіп, жеткен соң кім үшін күресіп жүргенін білмейтіндердің соғыс алаңы – бұл. Қанша отандастарымыз адасып барып, от басты. Абырой болғанда үш мәрте ұйымдастырылған «Жусан» операциясы сәтті аяқталып, соғыс аймағынан бірнеше отандастарымыз елге қайтарылды. Сол гуманитарлық көмектің рақымын көрген Римманың Сирияға сапар жолын мысал етіп бастадық. Әрі қарай көрген қиындығына көз жүгіртейік. «Мен елде жүргенімде, күйеуіммен телефон арқылы сөйлесіп тұратын едік. Байланысқа шықпай қалатын кездері жиі болатын. «Неге?» деп сұрағанымда «емтихан тапсырып жатырмын» деп жауап қайыратын. Әскери дайындық екенін кейіннен барып білдім. Енді екі баламен не істейміз? Елге қалай қайтамыз» дегенде, «Бұл Аллаһ үшін. Сендер уайымдамаңдар. Аллаһ қамқор болады және қауіпсіз жерде боласыңдар» деп көндірді күйеуім. Көнбеске амал да жоқ еді. Содан не керек, соғыс басталды. Снарядтар төбеден жаңбырша жауды. Көп ұзамай күйеуім қайтыс болды. Нағыз қиындық сол кезде басталды. Балам екеуміз Махарда тұрдық. Ол жерде күйеуінен айырылған әйелдер тұрады. Алақандай жерде қанша адам тұрдық. Қаншама бала? Ол жерде 4 ай, 10 күн болу міндет саналатын. Сол себепті, екінші рет күйеуге шығуға мәжбүр боласың. Содан екінші күйеуге тидім. Ол да көп ұзамай қайтыс болды» дейді Римма. Ол «Жусан-3» операциясы барысында 4 баламен елге оралған. Қазір мемлекет қамқорлығында. Елге қайтуға үміті болғанын, сол үміті ұшқын беріп, елге аман оралғанына тәубе етеді.

ҚАСІРЕТ ҚАЙДАН ДЕМЕҢІЗ…

Шам еліне шатасып барған олар соңында сор күтіп, тірідей торға түсетіндерінен бейхабар еді. Басында қаражаттың баршылығын, кейін кең дүниенің таршылығын сезінген қандастарымызда бір ғана үміт, бір ғана арман бар еді. Ол – еліне есен жетіп, балаларын бейбіт елдің аспанына аман табыстау. Әсіресе, бұл арман-мұрат – Толғанайдың күн-түні Құдайдан тілегені еді. Иә, Толғанай көзбен көрген Шам еліндегі шым-шытырықты сөз етсек…

Екі баламен аттаныпты 2014 жылы. Басында ақша мол, уайым-қайғылары аз болыпты. Қала ішінде тұрғандықтан аса қауіп сезіле қоймапты. Кейін 2017 жылы қақтығыс басталып, сол жарылыстың бірінде қонақта отырған күйеуі қайтыс болады. Ұлының да үстіне бомба түсіп, жер жастанып кете барады. Кейін ол жақтағылар «күйеуге шығу керек. Күйеуің – құлшылығың» деп үгіт-насихат жүргізіп қоймаған соң, мүгедек адаммен тұрмыс құрады. Себебі, ақыры сауап алмақ ниетте болған соң, оның үстіне көп еркектің 2-3 әйелі болған соң, осы шешімді жөн санайды. Көп ұзамай бұл күйеуі де жан тапсырады. Күн өткен сайын от жалындай, оқ жауындай үдей түссе де үмітін өшірмепті. Шөп-шалам жеп күнелтеді (оның өзін ақшаға сатып алыпты). Қайыр да сұрайды. Жаратқаннан ата-жұртқа жетудің жолын сұрайды. Алла тілегін қабыл етіп, 2019 жылы «Жусан» операциясы арқылы елге аман жетеді. «Әкем мен шешеме алғыс айтамын. Балаларымды, өзімді жылы қабылдады. Мен қате басып, Ислам дініне деген көзқарастарының қадірін кетіріп алдым. Олар үркіп қалды, шыны керек. Ислам – ізгіліктің жолы ғой. Ендігі мақсат-мұратым – ата-анамның разылығын алып, балаларымды жеткізу. Айтқандай, бізді алып кетуге келген ұшақты көргенде елімді одан бетер жақсы көріп кеттім, басқа елдің адамдары бізге қызыға қарады», – дейді Толғанай. Қасірет қайдан демеңіз…

«АДАСҚАННЫҢ АЛДЫ – ЖӨН, АРТЫ – СОҚПАҚ»

Иә, жоғарыдағы кейіпкерлердің жалпы айтпағы – осы. Күйеуінен айырылып, біреуі талақ алып, әйтеуір, өлместің күнін кешкен. Не керек, отағасына (адасқан) мойынсұнып, озбырлықтың ошағына тап болған қаракөз қыздардың саны жетерлік. Оның үстіне, сол жақтағы құрған тұрмыстың есебінен өмірге келген сәбилердің тізімін қоса кетіңіз.

Қоса кетіңіз емес, тіпті, елге осы жобамен жеткізілгендердің төрттен-үшіне жуығы – балалар. Міне, сол Сирия асқандарды елге қайтару мақсат етілді. Айтпақшы, бұл жобаға қарсылық танытқандар да баршылық. Елін сатып, Сирия асып кеткендерден келер қайыр қандай деген ойда болды көбі. Бірақ, өзге ұлтқа да үлкен құрмет көрсететін кеңқолтық қазақ өз қандастарына қалай құшақ жаймасын?! 

«Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат. Ал, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру – баршаға аманат! Біздің әрбірімізге Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда еңбек ету – азаматтық парызымыз бен мұсылмандық міндет екендігін ұмытпағанымыз жөн. Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген қанатты сөз бар. Алла Тағала барша адамға Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 10-аятында:

«Мұсылман болуды араб болу деп ұғынып, ұлттық дәстүр, қазақы құндылықтарды тәрк ету дегенді өз басым түсінбеймін. Менің пайымым айтады, ұлттың қорғанышын (иммунитет) тек қана ұлт әдебиеті мен мәдениеті, ұлттық дәстүрге негізделген шариғат қана жасайды. Осыған көзі жетпегендер, Құран-Кәрімнің тәпсірін түсі-нуге өресі жетпегендер болса, Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті оқыса, көзі ашылған болар еді. Сонда кім адасып жүргенін түсінер едік… Қалай десек те, соқыр сенім, әсіре діншілдік емес, ұлтымыздың асыл мұраты рухқа құрмет көрсету арқылы орындалады.»

«Шын мәнінде, мүміндер ағайындар. Сондықтан да ағайын арасын түзетіңдер…» деп бұйырған. Қателескендерге демеу болып, олардың енді дұрыс өмір сүруіне тілеулес болу, адамгершілік таныту болмысымыздан табылса игі», – дейді ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа. Иә, Абай атамыз айтпақшы «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ»!..

ЖУСАН ИІСІ

Осы тұста «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабектің facebook парақшасын-дағы «Адасқан кім?» деп аталатын жазбасынан мына бір ойды кірістіре кетуді құп көрдім. «Мұсылман болуды араб болу деп ұғынып, ұлттық дәстүр, қазақы құндылықтарды тәрк ету дегенді өз басым түсінбеймін. Менің пайымым айтады, ұлттың қорғанышын (иммунитет) тек қана ұлт әдебиеті мен мәдениеті, ұлттық дәстүрге негізделген шариғат қана жасайды. Осыған көзі жетпегендер, ҚұранКәрімнің тәпсірін түсінуге өресі жетпегендер болса, Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті оқыса, көзі ашылған болар еді. Сонда кім адасып жүргенін түсінер едік… Қалай десек те, соқыр сенім, әсіре діншілдік емес, ұлтымыздың асыл мұраты рухқа құрмет көрсету арқылы орындалады». Мәліметке сүйенсек, Сирия асқандардың көбісінің Құран ілімінен сауаты жоқ екен… Жә, бастысы тәубелеріне келді. Елдің ортасында. Мемлекеттің қамқорлығында. Уайымдауға негіз жоқ. Аман-есен оралды. Ортаға бейімделіп, оңалып та келеді. – «Жусан» операциясымен оралған азаматтарға қарсы шыққандар да, жақтаушылар да болды. Бұл – балалар тағдыры, олар әке-шешесі-нің қателігі үшін жауап бермейді. Қайтармасақ, бұл балаларды ертең өз елімізге қарсы қоюы да мүмкін. Балалар – біздің болашағымыз. Әуелі солардың жағдайы қарастырылды. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды жоба болды. Ал, қазір дін істері басқармасы мен Жезқазған, Сәтбаев қалаларының әкімдіктерімен көптеген жұмыстар атқарылуда. Әрине, біздің жұмыстың өзіндік ерекшелігіне орай оны бұқараға жариялау, жеткен жетістіктерімізді айту мүмкін болмай жатады, – дейді Қарағанды облыстық дін істері басқармасы, конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығының инспектор маманы Дулат Төлегенов. Иә, ол кісілерді (Сириядан келгендер) қоғамдық жұмыстардан жиі көреміз. Мәселен, таяуда ғана Абай өлеңдерін оқу эстафетасы мен «Ұлт тағамдары» челленджіне үн қосқанын әлеужеліде кезіктіріп қалғаным бар. Сонымен қатар, мешіттер де, жоғары оқу орындарында кездесулер ұйымдастылып жатады. Дұрыс мақсатта, әрине… Сөз соңында айтарымыз, олар Атамекенді аңсады, елге елеңдеді, Отанға оралғысы келді, туған жерге тәу етті жырақта жүріп. Анығында жусанның жұпар иісін жұтқысы келді. Бір кездері Бейбарыс сұлтан да аңсаған еді…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ortalyq.kz



Комментарии

0 Комментариев

Оставьте комментарий

Ответить