Новости

Жусан операциясы – мемлекеттің гуманитарлық шарасы

Жусан операциясы – мемлекеттің гуманитарлық шарасы

2019-12-03

Терроризм - қазіргі таңда күллі адамзатты толғандырып отырған өзекті мәселе. Қаншама бейбіт адамдардың қанын арқалайтын қасапшылық әрекеттер арқылы басқаларға сұс көрсеткісі келетін террористтік ұйымдардың қатарында саяси, экономикалық, ұлттық және басқа да көптеген мүдделерден бөлек, діни идеяларды жамылатындары да бар. Осы орайда «Kazislam.kz» ақпараттық-ағартушылық порталы діннің қоғамдық-саяси салаларда көрініс беру мәселелерін зерттеп жүрген сарапшы Мейрам Иманбаевпен сұхбат жүргізді.  

– Мейрам Өткелбайұлы, бүгінгі таңда әлемдік қауымдастықтың бірлескен күш-жігерінің арқасында Ирак және Сирия елдерінің аумағында 2013-2016 жылдары аралығында белсенді әрекет еткен «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы талқандалды десе де болады. Бүгінде «Жусан» операциясы арқылы сол аймаққа кеткен азаматтарымыз елге қайтарылды. Өздерін мемлекет деп жариялаған ұйым қайдан шықты, қандай идеяны басшылыққа алды, олардың Қазақстан үшін қауіптілігі неде?

– Ең біріншіден, өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялаған бұл ұйымның Қазақстан аумағындағы қызметіне 2015 жылы сот шешімімен тыйым салынғанын айта кету керек. 

Қысқартылған түрде ДАИШ аталатын бұл ұйым Біріккен ұлттар ұйымымен террористік деп танылған және сәйкесінше халықаралық санкцияға енгізілген атышулы «Әл-Каида» ультрарадикалдық  халықаралық  ұйымының идеялық ізбасары болып табылады. 

Өздеріңізге мәлім, «Әл-Кайда» мұсылман елдеріндегі зайырлы ұстанымдарды құлату және бүкіл әлемдегі мемлекеттер аумағын қамтитын теократиялық мемлекет құру мақсатында өткен ғасырдың 80-жылдарының аяқ кезінде құрылған және сол мақсатта әлемнің көптеген елдерінде орын алған лаңкестік әрекеттерге жауапты террорлық ұйым. Бұл ұйымның біздің еліміздің аумағындағы қызметіне сонау 2004 жылы сот шешімімен тыйым салынған болатын. 

Жалпы, халықаралық деңгейде ислам дінінің нормаларымен өмір сүретін мемлекет құру дейтін утопиялық идеяны басшылыққа алған аталған ұйымдардың әрекеті бір қарағанда сағым қуып жүрген есерсоқтардың тірлігіне ұқсағанымен, олардың идеяларының салдарлары қаншама адамдардың өмірін жалмап, бейбіт өмір сүріп отырған қаншама мемлекеттерді қантөгістерге алып барды. Сондықтан біздің мемлекетіміз діни радикалдық ұйымдардың утопиялық идеяларының шынайы салдарын ерте түсініп, оларға заңнамалық негізде тосқауыл қойды. Орайы келгенде айта кетейін – дер уақытында қолға алынған өте дұрыс ұстаным. 

Осы орайда, соңғы 15 жыл ішінде еліміздің сот органдарымен тыйым салынған экстремистік және террористік ұйымдар мен топтардың Біріккен ұлттар ұйымының қарарымен, көптеген мемлекеттердің заңдарымен қауіпті деп танылғанын және қызметтеріне тыйым салынғанын айта кету керек.  

«Әл-Каида» және ДАИШ террористік ұйымдарының идеологиясы туралы айтар болсам, бірқатар ғалымдар мен сарапшылардың айтуы бойынша олар мұсылмандарды және зайырлы мемлекеттерді дінсіздікпен айыптайтын және олармен күресуді насихаттайтын тәкфіршілдік және жихадшылық идеяларына негізделеді. 

Оның ар жағында саяси мақсаттарды көздейтін заманауи хариджиттік, салафилік  идеология тұрғанын сарапшылар да, ислам әлемінің діни тұлғалары да талай айтқан болатын. 

Осы орайда, біздің елімізде салафилік идеяларды басшылыққа алатын «Ат-Такфир уәл-хиджра» ұйымының қызметіне 2014 жылы тыйым салынғанын айта кету керек. 

Орайы келгенде айта кетейін — бұл жекелеген сарапшылар тарапынан әлі де болса айтылып қалып жүрген «елімізде салафизмге тыйым салу керек» деген уәжге мемлекетіміз тарапынан әлдеқашан жауап беріліп қойғанын көреміз. 

Елімізде салафилік ұйымға тыйым бар, ал оның теріс идеологиясын қоғамнан аластау мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмыстарының пәрменділігіне байланысты. 

Ал, ДАИШ қашан және қайдан пайда болды дер болсақ, ол Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың  жекелеген елдерінде қалыптасқан саяси, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстардың заңды нәтижесі дер едім. 

Демек, жоғарыда айтып отырған радикалдық сипаттағы жихадшыл және тәкфіршіл идеяларды басшылыққа алатын ұйымдар мен ағымдардың пайда болуы нақты әлеуметтік себептерден туындайды және олардың ислам дініне еш қатысы жоқ. 

Бір сөзбен айтқанда, саяси биліктен береке кеткен, әкімшілік басқару жүйесі қираған және модернизациялану үдерісінен шеттеп қалған аймақтар мен елдерді террористік ұйымдардың күш алатын базасы деуге болады. 

ДАИШ дәл осындай күйзелістерді басынан өткеріп отырған Ирак және Сирия елдерінің аумағында 2006 жылдан бастап қалыптасып, 2014 жылы өзін мемлекет деп жариялаған ұйым. 

– Сонда оның ислам дініне не қатысы бар? 

– Жаңа айттым ғой — ешқандай қатысы жоқ.  Бұл ұйым өзінің белсенді шағында өзін әлемдегі шариғатқа негізделген бірден-бір ислам мемлекеті – халифат деп жариялап, өзінің әрекетінде діни риториканы кеңінен пайдаланғаны рас. 

Алайда ДАИШ террористік ұйымы өз әрекетін діни тұрғыдан негіздеуге тырысқанымен, әлемдік мұсылман қауымы тарапынан мойындалмады. 

Осы орайда мұсылман әлемінің 126 адамнан тұратын беделді ғалымдары мен танымал тұлғалары  2014 жылы ДАИШ басшылығына ашық хат жолдап, олардың әрекеттерінің ислам дініне мүлдем сәйкес келмейтінін діни тұрғыдан жан-жақты дәлелдеп, іс-әрекеттерін тоқтатуға және тәубеге келуге үндегенін айта кету керек. 

Бұл ДАИШ террористік ұйымының исламға қатысы жоқ, саяси мақсаттарды көздейтін ұйым болғанына нақты дәлел. 

– Ислам әлемінде осы айтып отырған және басқа да террористік ұйымдарды, радикалдық бағыттағы исламдық ағымдарды Батыс елдерінің ойыны, солардың ойлап шығарған жобасы деген ой жиі қылаң береді? Шынымен де, солай ма? 

– Мұндай пікір Таяу Шығыстағы мұсылман елдерінде ғана емес, біздің қоғамымызда да қылаң беріп қалады десек қателеспейтін шығармыз. Әрине, өзіңнің сәтсіздіктеріңе басқаларды күнәлау ең оңай жол екенін ескерсек, сіз айтып отырған жоғарыдағыдай ойлардың да төркіні содан туындайды. 

Біріншіден, қазіргі ислам әлеміне жататын елдердің шартты түрдегі Батыс өркениетіндегі елдермен саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ғылыми, технологиялық тұрғыда бәсекелесе алмауының заңды нәтижесі. Мұндай артта қалушылық, өз кезегінде, үшінші елдерде тым танымал «астыртын әрекет теориясына» кең жол ашады. Бұл теорияға сенсек, мұсылман елдерінің заманауи дамуына мүдделілік танытпай отырған Батыс елдері әртүрлі құйтырқы әрекеттерге барып, террористік ұйымдарды қаржыландыру арқылы мұсылмандардың берекесін алып отыр екен. 

Меніңше, бос сөз. Кез-келген елдің немесе өркениеттің дамуының  қарапайым және анық түсінікті заңдылығы бар: өз азаматтарының адами ары мен абыройына сыйластықпен қарай алатын және қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани құқықтар мен бостандықтарды басты құндылықтар ретінде заңмен кепілдендіре алатын елдер ғана өміршең. 

Жалпылама түрде айтар болсам, ислам елдері осы құндылықтарды басшылыққа алып, демократиялық, құқықтық мемлекет құру жолына түскенде ғана басқалармен терезесі тең даму жолына түсе алады. Керісінше болған жағдайда, дінді бетперде ететін радикалдық, экстремистік және террористік ұйымдардың бітпейтін ойын алаңы ретінде қала береді. 

– Кезінде жиһадты себеп етіп Сирияға кеткендердің аман қалғандарын және олардың бала-шағаларын мемлекетіміз бүгінде елге қайтарып отыр. Бұл мәселе туралы не айтасыз? 

– Мен мұны мемлекеттің адасқан азаматтарына деген гуманитарлық ұстанымы, әкелік мейірімі деп түсінемін. Өзіңіз де көріп отырсыз, «Жусан» операциясы елге қайтарылған алты жүздей адамдардың 400-ден астамы балалар. 

Әрине, радикалдық діни ұстанымдарының жетегімен соғыс аймағына саналы түрде кетіп, бүгінде елге қайтарылған ересектердің кінәлары дәлелденген жағдайда ер-әйел демей бәрі жазасын алады. Дұрыс, мемлекет бар жерде заң бар, ал оны бұзғандар «қолмен істегендерін мойындарымен көтерулері» керек екеніне дау болмаса керек. 

– Елімізде радикалдық діни ағым идеологияларының алдын алу бағытында іске асырылып жатқан жұмыстар туралы не айтар едіңіз? 

– Жалпы, бүгінгі күнде мемлекет тарапынан діни радикализм мен экстремизмнің алдын алуда және терроризм қаупін еңсеруде бірізді жұмыстар жүргізіліп отыр. 

Елімізде экстремистік және террорлық әрекеттерге қарсы пәрменді жұмыстар жүргізуге арналған тиісті заңнамалық және институционалдық тетіктер жасақталып, мүдделі мемлекеттік органдар өз құзіреттеріне сәйкес сол бағытта іс-шараларды іске асыруда. 

Барлық деңгейдегі мүдделі мемлекеттік органдар діни радикализм, экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018–2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда. 

Жүргізіліп отырған ауқымды ақпараттық,  ағартушылық, түсіндіру жұмыстарының арқасында бүгінгі күнде қоғамымызда шынайы дін мен теріс діни ағымдардың аражігін ажыратата алатын және діни радикализм мен экстремизмді қабылдамайтын сана қалыптасты десек артық емес. 

Бұл – мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдар мен белсенді ұстанымдағы азаматтардың күнбе-күнгі жұмыстарының нәтижесі деп санаймын. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

kazislam.kz 



Комментарии

0 Комментариев

Оставьте комментарий

Ответить