Новости

Зайырлы мемлекет - тарихи таңдауымыз

Зайырлы мемлекет - тарихи таңдауымыз

2019-05-15

Елімізде түрлі этнос пен конфессия өкілдерінің бірлікте өмір сүруі – татулықтың нәтижесі. Мемлекетіміз ешкімді тілі мен дініне қарап бөлместен, барлық азаматтарға тең құқылы мүмкіндік беру арқылы ішкі және сыртқы тұрақтылықты сақтап келеді. Бұл ынтымақтастық пен ауызбіршілік елдегі Ата заң арқылы қамтамасыз етілген. 

Осы орайда, Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы мемлекет екенін бекітіп, мемлекет пен діннің ара-қатынасын реттейтін зайырлылық қағидаттарына сүйенетінін айқындады. Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің барлық салаларында, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. 

Қазіргі уақытта зайырлылық турасында көптеген анықтамалар мен түсініктер қалыптасқан. Соның бірі, зайырлылық – барлық діндерге қатысты бейтараптық ұстану, мемлекеттің діни танымдардан тәуелсіз және кез келген теологиялық тұжырымдамалардан еркін болуы деген мағынаны білдіреді. Қазақстан мемлекет ретінде жалпыұлттық тұрғыда қабылдаған ел Конституциясы мен заңдарына сүйеніп қызмет атқарады. Сәйкесінше, діни талаптар мен ережелер, діни бірлестіктердің құжаттары біздің елімізде құқық негізі болып есептелмейді және мемлекеттік органдардың тікелей қызметіне әсер ете алмайды. 

Мемлекет заңнамаларының қандай да бір діни нормалармен байланысы болмаса да, заң діни нормалардың жалпы адами және гуманитарлық бағыт-бағдарын ескереді. Қазақстанда қандай да бір діни соттың құзыреті мойындалмайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, зайырлылық дегеніміз Қазақстандағы қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мен қызмет етуінің негізгі принциптері болып табылады. Ал, мұндай республикадағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас зайырлы заңдар негізінде жүзеге асырылады. Қазақстанда тіркеуден өткен діни бірлестіктердің, азаматтардың ұстанатын дініне қарамастан, құқықтарының теңдігі қамтамасыз етілген. 

Ел Конституциясы кез келген адамның діни сенім еркіндігінің кепілі бола алады, сондай-ақ, конфессиялық белгілер бойынша кез келген бөлінушілікке қарсы. Осы тұста 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңының кіріспе сөзінде «Қазақстан халқы мәдени және рухани өмірінің дамуында Қазақстан халқының рухани мұрасымен біте қайнасқан исламның ханафилік бағыты мен православиелік христиан дінінің тарихи рөлін мойындайды» деп жазылғанын айта кету керек. Сонымен бірге, бұл тек осы конфессиялардың ел үшін мәдени маңыздылығын ғана білдіреді және діни бірлестіктер құқықтарының теңдігіне шек келтірмейді, себебі заң оларға қандай да болмасын құқықтық немесе қаржылай артықшылық бермейді. 

Еліміздің мемлекеттік білім және тәрбие беру жүйесінің сипаты да зайырлы екенін және оның діни білім беру жүйесінен ажыратылғандығын айтып кеткен жөн. Осы тұрғыдан зайырлылық ұғымы – білім беру мекемелерінде белгілі бір дінді насихаттауға қарсы дегенді білдіреді. Дінді насихаттау құқығы тек республикалық немесе аймақтық мәртебесі бар діни бірлестіктің құзыретінде ғана. 

Кез келген Қазақстан азаматы үшін діни бірлестіктердің адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзуға, соның ішінде адамды дін ұстануға күштеуге, неке бұзуға немесе туыстық қарым-қатынасты тоқтатуға, денсаулығына нұқсан келтіруге және мүлкінен айыруға, руханилығына тіл тигізуге, сонымен қатар, Конституция мен заңнамаларда көрсетілген міндеттерін орындаудан бас тартқызуға құқығы жоқ екенін білу қажет. Керісінше, мемлекет діндар адамды Қазақстанның толық құқылы азаматы, ал діни бірлестіктерді мәдени, әлеуметтік маңызды қызметті жүзеге асырушы негіз ретінде танып, қарым-қатынас орнатуға талпыныс жасайды. 

Мемлекет діни бірлестіктермен қоғамдағы келісім, өзара түсіністік, төзімділік пен құрмет тұрғысынан да байланыс орнатады. Діни бірлестіктер Қазақстан халқының дәстүрлі діни құндылықтарын сақтау мен дамыту бағытында қоғамдық маңызды іс-шараларды өткізуге қатысады. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілгендей, мемлекеттің зайырлылық сипаты – бұл Қазақстанның табысты дамуының басты негізі. 

Рухани және діни құндылықтар – мемлекет өмірінің барлық салаларының дамуы мен жалпы көркеюін тежейтін емес, керісінше арттыратын жарқын болашақ. 

Бұл – шарықтауға, білім алып, өзін-өзі дамытуға жетелейтін, адам құқықтарын сақтау мен елдің демократиялық келешегін білдіретін зайырлылық. Демек, «зайырлылық» ұғымын мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасын реттейтін, қоғам тұрақтылығы үшін ең басты құндылық болып табылатын ұстаным деп қабылдаған жөн. 

Гүлмира Оспан, ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми қызметкері.



Комментарии

0 Комментариев

Оставьте комментарий

Ответить