Новости

Псевдосалафизм идеологиясының негізі

Псевдосалафизм идеологиясының негізі

2019-05-23

Араб тіліндегі «сәләф» сөзі  «бір нәрсеге қатысты болу», «өткен, ілгері, алдыңғы» деген мағына білдіреді. Алайда уақыт өте келе бұл сөз ислам мәдениеті тарихында арнайы мәнге ие болып, ислам тарихының алғашқы үш буынын білдіретін термин ретінде қалыптасты.

Имам Бұхари мен Муслимнің хадис жинақтарында Нұғман ибн Баширден (р.а) келіп жеткен риуаятта пайғамбарымыз былай деген: «Адамдардың игі жақсылары – менің ғасырымдағылар, содан соң – олардан кейін келгендер, содан кейін – олардың артынан келгендер. Олардан кейін, бірінің куәлігі сертінен бұрын және серті куәлігінен бұрын берілетін қауымдар келеді.» (Имам Бұхари кітабы, 2509 –шы хадис. Муслим «Сахих» кітабы, 2533 – ші хадис.)

Міне осы хадиске сүйенген мұсылман ғалымдары сахабалар, олардан кейін келген табиғиндердің ізіне ерген атбағу ат – табиғиндерді «ас –Салаф ас – солихин» «алғашқы ізгі буын» деп атаған. Әрине бұл ғасырлар ислам дінінің пайда болып, бертін келе әлемнің түкпір-түкпірінде кең тараған, күллі мұсылман жұртшылығы мақтанышпен еске алатын бақытты кезең екендігі сөзсіз.  Демек, бұл термин сол бақытты кезеңдерде өмір сүрген ізгі буынға берілген атау ретінде қалыптасқан. Алайда, бүгінгі таңда оның мағынасы бұрмаланып, өздерін «сәләф»  санаған радикалды псевдо-сәләфиттер және уаххаби ағымдарының өкілдеріне қатысты қолданылып жүр.

Енді осы «сәләф» пен «уаххабия» ағымының қатар қолдану себебін айта кетейік. Әсілінде «сәләфия» термині Мысыр елінде Жамалуддин әл – Ағфани (1849 – 1905) байрағын желбіреткен діни реформация қозғалысы белең алған кезеңде қолданыла бастады. Реформаторлар мақсаттарына қол жеткізу үшін сәләфия терминін өздеріне ұстаным етіп алып, осы ұран арқылы елді сол кездері Мысыр елінде етек жайған жаңсақ пікірлер мен бидғаттардан тазартуға шақырды. Сол кезеңдерде Нажд пен Араб түбегіндегі кейбір аймақтарға тарап үлгерген, Мұхаммед ибн Абдулуаххаб негізін қалаған уаххабилік ағым мен Мысырда жүріп жатқан реформация қозғалысы арасында дінде негізі жоқ сенімдерге қарсы күреске қатысы ортақ пікірмен көзқарастар қалыптасты.

Міне осылайша сәләф пен сәләфия сөзі уаххабилік ағым өкілдерінің арасында да үлкен қарқынмен таралды. Тіпті уақыт өте келе уахабия сөзінің орнына сәләфия сөзі қолданыла бастайды. Мұндағы мақсат – Уаххаби ағымының пікірлері тек Мұхаммед ибн Абдулуаххабтан емес, сәләфтардан бастау алады деген ойды қалыптастырып, халықты «бұл ағымды құрудағы негізгі себеп сәләфтар ақидасын ұстанып, солардың жолын жалғастыру» деп сендіру болатын. Осы кезеңнен бастап, «сәләфия» ұғымы мысырлық қозғалыс мүддесіне қолданылған ұран аясынан шықты. Сөйтіп, сәләфия сөзі өздерін «ақиқат жолындамыз, сәләф салихиндер (алғашқы ізгі буын) ақидасын сақтаушымыз, солардың ұстанған жолдарын таратушымыз» деп, өздерін қалған мұсылмандардан жоғары санайтын уаххабилік ағым өкілдерінің лақабына айналды.

Негізінде тарихқа үнілсек, ислам тарихында «сәләфия» деген мазхабтың немесе ағымның болмағандығын көреміз. Осыған қатысты кезінде уаххабилермен күресуге өмірін арнаған Рамазан әл – Бути былай деген екен: «Сәләф» деген сөзді басты құралға айналдырып, ислам шариғаты мен түсінігіне жат, лаңкестікке бой алдырып жүргендер үлкен қателікке ұрынуда. Бүгінгі күні «сәләфия» ұғымын мұсылман атын жамылған жат ағымдар бетперде етіп, өзіндік пәлсапа қалыптастыруда. Өкінішке қарай, ислам атын жамылған, саны бар, сапасы жоқ жамағаттардың тізіміне «сәләфия» атымен жаңа бір ағым қосылып, «өзгеше» болмыстарымен  мұсылмандардың арасында ерекшеленуде»

Қорыта айтар болсақ, алдынғы ізгі буынды меңзеу мақсатында қолданылған «сәләф» сөзі мен кейінгі уақыттарда өздерін «сәләфи» атап жүрген «псевдосәләфилер» арасында тікелей байланыс жоқ. Олар өз қате түсініктерін «ең дұрыс ислами түсінік осы» деп жұрттың санасына сіңіру мақсатында осы терминді құрал ретінде пайдаланып, кезінде ислам үмбетінің бірлігі мен татулығын ойлап, исламды кең түсінуге тырысқан мужтаһид имамдардың ілімдерін мансұқтау арқылы мұсылмандармен қатар әлем жұртшылығы арасында үлкен бүліктер мен қанды қақтығыстарға жол ашуда. Сондықтан, қазіргі таңда өздерін «сәләфи» деп атаушы радикалды топтарға «сәләф» деу жөнсіз. Өйткені бұлай атау оларға абырой таңумен пара-дар. Діндар жамағат «сәләфия» сөзін бетперде етіп, елді «таза исламға» шақырушылардың бүлігінен сақтанып, ғасырлар бойы қалыптасып, көпшілік мұсылман үмбеті тарапынан құпталған төрт мазхаб бағытында «әһли суннет уәл – жамағат» жолынан таймауға тырысуы қажет.

 

Талғат ҚАЙЫРҒАЛИ,

Асан мешітінің найб имамы,

Батыс Қазақстан облысы 



Комментарии

0 Комментариев

Оставьте комментарий

Ответить