Новости

Отбасын құру үшін арнайы курстан өту керек

Отбасын құру үшін арнайы курстан өту керек

2020-08-03

Статистика бойынша, елімізде некелескен отбасылардың жартысы дерлік ажырасып кетіп жатыр. «Бұл жастардың отбасы құрарда тек эмоция мен сезімге берілуінің салдарынан. Қоғамда осындай жағдайлардың орын алуы отбасы институтының нық қалыптаспауынан»,- дейді теолог Рауан Жұмабайұлы.

– Рауан Жұмабайұлы, соңғы кездері отбасы тақырыбын көп қозғап жүрсіз. Бұған не себеп болды?

– Иә, отбасы тақырыбы көп қозғалып жүр. Соңғы мәліметтерге қарасақ, Қазақстанның жағдайы 90-шы жылдармен салыстырғанда көп өзгерді. Отбасы институты қазіргі таңда ең үлкен кризис кезеңін басынан өткізуде. Және ол қазір өте қиын жағдайда. Орысша айтқанда «к гадалке не ходи» дейді ғой, бәрі айдан анық көрініп тұр. Статистика бойынша, үйленген отбасылардың бір жылда 34%, екі жылда 46%, үш жылда 50% ажырасады екен. Яғни, үш жылда жартысының шаңырағы ортасына түседі деген сөз.

Бұл тек АХАЖ бөлімінде бекітілген ресми көрсеткіш қана. Ал тіркелмеген талай отбасылар бар. Бұл отбасы институтын мемлекеттің негізін қалаушы кірпіш ретінде қарайтын болсақ, онда біздің мемлекетіміздің болашағына да глобалдық деңгейде бір көлеңке түсу мәселесі бар. Өйткені отбасының әлсіреуі ұрпақтың дұрыс тәрбиеленбеуіне, ол ұл болсын, қыз болсын психологиялық ауытқуларына тікелей әсер етеді. Бұл заңдылық. Отбасы институты елдің жүгін көтере алатын, халыққа пайдалы болатындай деңгейде болуы маңызды.

XX ғасыр заманы өтті, кетті. Алайда XXI ғасырдағы жастарға қатты көңіл бөлу қажет. Қазіргі таңда құлақ тыңдайтын уағыз керегі жоқ, себебі құлағымыз толды. Енді жүректің көзі көретін уағыз қажет. Ол дегеніміз – керемет отбасыларды, жақсы тәрбиеленген балаларды өз көзімізбен көріп, жақсы әсер алу. Сондай отбасылардан гүлдей өсіп, өніп шыққан балаларды көретін болсақ, Алла қаласа, болашақта кейінгі ұрпақ соларға қарап бой түзейді. Сонда еліміздің болашағы баянды, мәнді болады. Кез келген нәрсенің бастауы отбасы болып қала береді.

– «Отбасыға» қатысты шариғатта қандай да бір түсінік берілген бе?

– Шариғатта отбасы жайында хадис бар, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Отбасы құрған адамдарға дұға тілеген кезде «сендердің отбасыларың жәннаттың бір бақшасындай болсын»» деген. Яғни, отбасы сөзін «жәннаттың бір бұрышы» десек қателеспейміз. Ерлі-зайыптылар өз қара шаңырағының сипатын өздері атауы қажет. Егер олар оған мән бермесе, онда сырттан біреу келіп «атау» қойып кетеді. Ал сырттағы бұрынғының адамдары өздерінің көзқарасына қарай, 90-жылдары көргенін, алған әсерімен бағалайды. Ол сол форматта қалып қойған. Ал ол форматпен өмір сүру қазіргі таңда қолайсыз. Өйткені заман өзгерді, отбасы институты дамыды, жаһандану заманы басталды.

Бұл бағыттан айтатын болсақ, біздің отбасы – жәннаттың бір бау-бақшасы, біздің отбасы – заманның тенденциясынан қалмаған заманауи (шариғатпен пен салт-дәстүрдің шеңберінде), одан тыс батыстық тәрбие, оның біздің салт-дәстүрімізге қайшы келетін тұстарын қабылдамайды деген атау беру өте пайдалы.

Қандай да бір заттың атауы бар сияқты отбасының өзіндік атауы болған жақсы. Біздің отбасымыз ұрпақ тәрбиелейтін, XXI ғасырдың сахабасын тәрбиелейтін бір мекен деп қабылдасақ болады. Еліне, халқына қызмет ететін үлкен бір ғалым, ғұлама тәрбиелейтін ошақ деп атаса болады. Яғни, «жаман айтпа, жақсы айт» дейді ғой. Бұл бір іске қатысты айтылған. Алайда отбасыға да бұл қағида жүреді.

Демек, отбасы туралы да жақсы сөйлеу керек, оған жақсы атау беру керек. Өйткені, мұсылманшылықта әу баста қай салада болсын, жаман деген нәрсе қабылданбайды. Мүмкін болса, осы негізге қатты көңіл бөлетін болсақ, Алла Тағала еліміздегі барша отбасыны нұрландырып, шынымен Қазақстанда құрылған жаннатық бақ болып, керемет ұрпақ тәрбиелейтін қаситетті отбасы болуын нәсіп етсін.

– Жалпы отбасын құрар алдында қандай мәселелерді негізге алу керек?

– Егер қазір үйленгендерден осы қадамға қаншалықты дайындықпен келгенін сұрасаңыз, ешкім жауап бере алмайды. Себебі отбасы құрар алдында бұл саланы адамдар оқымаған, зерттемеген болып шығады.

Отбасы бұл да бір үлкен институт. Мұнда қайын жұрт, өз жұртым, нағашы жұрт, достар, жұмыстастар деген «факультеттер» бар, сондай-ақ бала тәрбиесі дейтін маңызды бөлім бар. Яғни, отбасы институты ғылыми көзқарасты қажет ететін ұйым. Осындай білімді, ғылымды талап ететін отбасы институтына біз тек эмоциямен кіріп кетіп жатырмыз. Сол себептен, үйленбестен бұрын жастарға отбасыға қатысты бір курс өту, кітап оқу не болмаса мамандармен сөйлесуге кеңес берер едім.

Мұнда ескеретін бір жайт: ағалардың кеңесі, ерте үйленген достардың кеңесін тыңдау бір бөлек дүние. Шынайы мамандарды тыңдау қажет, себебі ағасы өз призмасынан, досы өз призмасынан қараса, ал маман жан-жақты айтып түсіндіруге тырысады. Мүмкін болса, отбасыға қатысты көптеген түсініктерді фундаменталды түрде оқып зерттеуді өсиет етер едім және осы арада салт-дәстүріміздің, шариғаттың шеңберінде болуын қатты қадағалау керек.

Отбасы институтына қатысты семинарлар, нарықтағы кейбір кітаптар батыстың көзқарасымен айтылған. Оның 95% дұрыс болғанмен, қалғаны біздің дәстүрімізге қайшы келеді. Сондай өзгешеліктерді ескеріп оқыса деген ұсынысым бар. Мәденитіміздің деңгейінде кез келген нәрсені сүзгіден өткізіп барып қабылдау абзал.

ИншАлла жарқын болашақта әлемдік деңгейде отбасылардың ажырасуы тоқтайды деген сенім бар.

– Рауан Жұмабайұлы, сіз өзіңіздің бір бейнежазбаңызда отбасын құрар алдында арнайы курстан өту қажеттігін айттыңыз. Осы жөнінде кеңірек айтып кетсеңіз?

– Қазіргі таңда ғаламтор деген керемет дүние бар. Сол жерден көліктің сайманын қалай ауыстыру керек деген ақпарат іздейтін болсаңыз, жүз түрлі нұсқаны шығарып береді. Алайда, «отбасы» деген мәселені жазатын болсаңыз, саусақпен санарлық мәліметті көресіз. Бұл мәселе бойынша біздің нарық әлі бос тұр деген сөз. Мүмкін болса, орталық қалалардан жанұя құруға даярлайтын курс ашылса, не болмаса онлайн курстардың бейнежазбалары түсірілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Сондай-ақ діни сайттар осы тақырыпта бейнежазбалар түсірсе, онда ғаламтор желісінде біраз ақпарат болатыны белгілі. Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан онлайн университеттің платформасында сертификат беру форматын қосса немесе ютуб желісінен тегін мағлұмат алатындай мүмкіндік болса, елімізде шаңырақтың шайқалуы, жетімдер мен жесірлердің саны аз болар еді.

Отбасы түсінігіне қатысты ғылыми дәлелдерге, қазіргі тенденцияларға, оның алдынан туындайтын проблемаларға, ажырасуға апаратын есіктерге, оның алдын алу себептері деген сияқты тақырыптарға өте көп мағлұмат болуға тиіс. Өйткені, қабырғаңды қайыстыратын жағдайлар білімсіздіктің кесірінен болып жатыр.

Көп жағдайда жастар үйленуге дайын емес, отбасы деген ұғымды тар шеңберде түсінеді, сондай-ақ әркім өзінің мен-мендігін, яғни эгоистігін баса алмай келе жатыр. Менің ойымша, бұл курстың аясында үлкен ақсақал, ақ жаулықты әже, сондай-ақ психолог, діни мамандар жан-жақтан бір ортаға пікірлерін білдіруі қажет. Бұл тек менің ғана ұсынысым емес, үлкен ғалымдар да айтып кеткен. Қазіргі таңда мұны жүзеге асыратын мүмкіндік бар. Олай болса, Алла қаласа, болашақта бұндай курстардың қатары көбейеді деген сенімдемін.

– Ал үйленгендерге мұндай курстан өтуге бола ма?

– Әрине, шаңырақ көтергендерге де мұндай курстан өтуге болады. Бұл курс тек бойдақтарға арналмайды. Өйткені, бір бөлімі отбасын құрмағандарға қатысты болса, екінші бөлімі отбасын құрып қойғандарға қатысты болады. Яғни, көп сериядан тұратын ауқымды курс болмақ.

Оның ішінде неке қиғаннан кейінгі алғашқы бір жыл деген формат, кейін балалы болғанда не істеу керек деген формат, яғни әрбір этапқа бөлек-бөлек курстар арнау керек. Отбасы деген тақырып елу жылдық мәселе, сондықтан отбасы деген институтқа түрлі программа еңгізіледі. «Қайың жұртпен қатынас», «Келін мен ененің қатынасы», тағысын тағы, барлық мәселе зерттеуден тыс қалмай толық қамтылу қажет.

 Осындай отбасы институтын құру идеясы қалай туындағаны жайлы айтып бере аласыз ба?

– Мұндай идея кітаптан келді. Қазіргі таңда заманауи тұрғыда ойлай алатын санаулы ғалымдар бар. Олар қазіргі заманның призмасын дінмен ұштастырып, құран мен сүнеттің арасын қазіргі заманның тілінде сөйлеп, заманның шарттарымен сай қылып отырған ғалымдар. Сол бір ғалымның еңбегін оқып отырғанда, кітаптың бір бөлімінде осындай бір ұсыныс болды: «Егер де қазіргі таңда отбасыға қатысты институт құрып, сертификат беріп, содан кейін ғана некелерін қиса, ерлі-зайыптылардың ажырасуы деген болмайтын еді». Бірақ бұны мемлекеттің деңгейінде ұйымдастыру ыңғайсыздық туғызады. Сол себепті халық болып жан-жақтан ат салысатын болсақ, керегесі берік отбасылардың реті көбейер еді.

– Фундаменталды отбасы құру үшін қандай да бір қағидалар бар ма?

–  Фундаментальды отбасы құруда негізгі төрт шарт бар. Біріншіден, балиғатқа толуы, ақыл-есінің дұрыс болуы, физикалық деңгейде сау болуы, отбасын асырай алатын деңгейде қабілеті болуы маңызды. Бұл қағидаларды бәрі білсе де, отбасы деген түсінік кем қалып жатады. Сондықтан жастар мен көпті көрген ақсақалдардың арасына бір көпір орнату керек.

– Бүгінде отбасындағы өзінің жауапкершілігін білмейтін еркектер, өзінің орнын білметін әйелдер көп. Бұл заманның әсері ме әлде отбасы құндылығын насихаттаудағы кемшіліктің салдары ма?

– Бәрін заманға жаба алмаймыз, заман сол өтіп жатқан уақыт. Бұл сол заманда тұрып жатқан адамдардың тәрбиесі мен түсінігіне тікелей қатысты. Пайғамбарымыздың бір хадисінде «Заманды сөкпеңдер, шынында заман – Алла есімдерінің бірі» дейді. Яғни, мәселе сол заманда тұратын адамдардан туындайды.

Негізгі себептердің бірі – эгоизм. Отбасында да эгоист ретінде тәрбиелеуге тырысады. Бұны шынымен мойындауымыз керек. Себебі, қазіргі жастардың көбі ешкімді тыңдамайды, ешкіммен санаспайды, иіліп сыпайылығын көрсетпейді, міне, осыдан келіп түрлі мәселелер туындайды.

Статистика бойынша, неке қиғандардың 60%-да бала бар. Соның тең жартысы үш жылда ажырасты дедік. Ал енді толық емес отбасыда тәрбиеленген бала қандай тәрбие алды деп ойлайсыз? Ол да ертең есейеді, өз отбасын құрады. Мұндай қиын кезеңде өскен ұрпақ өз отбасын қалай құрады. Егер ол бала университетке түсіп, өз білімін жан-жақты жетілдіріп, тәрбиесін өзгертіп алмаса, көбісі осы салада кем қалады. Яғни, бұл проблема осылайша өз жалғасын тауып отырады.

– Азаматтық некеге көзқарасыңыз қандай?

– Азаматтық неке – рұқсат етілмеген, шариғатта харам. Бұл Фрейдтің философиясы арсыздықтың төркіні деп есептеймін. Онда адамзат ләззат үшін жаратылған дейді. Яғни, некесіз қарым-қатынасты насихаттаған. Шариғат рұқсат бермеген нәрсенің теріс әсерлері көп. Психологиялық тұрғыдан, қоғамдық тұрғыдан азаматтық некеге түбегейлі қарсымын.

– Қазіргі жастар «Валентин» күні, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» күнін тойлағыш. Ал «Отбасылық махаббат» күні деген мерекені қосуға қалай қарайсыз?

– Менің ойымша, қажет емес. Мен үшін әр күнім – махаббат күні. Ол өмірге, отбасыма, ата-анама деген таусылмайтын сезім. Оның бәрін бір күнге барып тақап қою мәнісі жоқ дүние деп ойлаймын.

– Рауан аға, жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Жастарға айтарым, сауатты, діни мамандардың ақыл-кеңесін көбірек тыңдаса екен. Адам білдім, толдым деген кезде өлдім дегенмен қатар келеді. Яғни, отбасыға қатысты білмейтініміз әлі көп. Оны әрдайым жетілдіріп отыру қажет. Жаңалыққа ашық, білім алуға құштар, сусап тұратын жастарымыз көп болса деген ниеттемін.

– Рауан Жұмабайұлы, қазіргі қоғамның негізгі мәселелерін көтердіңіз. Алтын уақытыңызды бөлгеніңізге көп рақмет.

Сұхбаттасқан – Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

kazislam.kz



Комментарии

0 Комментариев

Оставьте комментарий

Ответить