Новости

Бақытжан Камалов: Орыс тілді исламтанушы мамандар тапшы

Бақытжан Камалов: Орыс тілді исламтанушы мамандар тапшы

2020-02-11

Қызылорда облысындағы діни ахуалдың жай-күйі мен дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ішкі саясат басқармасына қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бақытжан Камалов «Kazislam» порталына сұхбат берген еді. 

– Бақытжан Жарылқасынұлы, алғашқы сауалды Қызылорда облысының діни ахуалынан бастасақ? 

– Жалпы Сыр өңірі қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық салт-дәстүрдің берік сақталған ордасы десек қателеспейміз. Мұндағы тұрғындардың 98 пайызын қазақ тілділер және қазақ ұлты құрайды. Сондықтан болар Сыр халқының басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Жергілікті жұрт ата-баба салтын сақтап, ақсақалдарын құрмет тұтады. Соның арқасында облыста діни ахуал тұрақты деп баға беруге болады. Олай дейтініміз, әулеттің үлкендері өз тентектерін өз араларында тыйып, түзу жолға түсуіне ықпал жасайды.   

Әрине, облыста деструктивті діни ағымды ұстанушылар бар. Біздің орталықтың мамандары олармен жиі кездесіп, оларды оңалтумен айналысып келеді. Осы уақытқа дейін аймақ мешіттерінде жат ағымды ұстанушылар мен мешіт имамдары және жамағат арасында жанжал (конфликт) орын алған емес. 

– Осы ретте оңалту жұмысы бойынша нақты қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар? 

– Өткен 2019 жылы аймақта деструктивті діни ағым идеологиясының таралуына жол бермеу мақсатында түрлі орталарда түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 

Орталық мамандары, мұнан бөлек, түзеу мекемесіндегі экстремизм баптары бойынша жазасын өтеушілерді дәстүрлі ортаға бейімдеу мақсатында жиі әңгіме жүргізіп отырады. 

Сондай-ақ пробация мекемесінде де  сұхбаттар жүргізіп, шартты жазасын өтеушілерге зайырлылық принциптері мен ұлттық құндылықтар туралы ақпараттар берілуде.  

– Деструктивті діни ағымның алдын алуда басқа өңірлермен салыстырғанда қандай ерекшеліктеріңіз бар?   

– Жоғарыда Сыр халқының негізгі ерекшеліктерін атап өттім. Сол себепті біз жат ағымның жетегінде кеткен немесе соған ыңғайланып жүрген азаматтарға алдымен ата-баба жолын, салт-дәстүрімізді, руханиятты жеткіземіз. 

Орталықтың теолог мамандары мен өңірлік АТТ мүшелері діни құндылықтардың салт-дәстүрдегі сабақтастығын, ерекшеліктері мен өзара үйлесімді байланысын терең түсіндіру арқылы жұмыс жасайды.   

Сондай-ақ, біздің орталық мамандары өзге аймақтардың теолог мамандарымен тығыз байланыста. Өткен жылы республиканың көптеген аймақтарынан білікті мамандар шақырып, тәжірибе алмастық. 

Сонымен қатар орталықтың «Интернет және БАҚ-пен жұмыс» бөлімінің мамандары 30-дан астам фото-бейне түрінде сұхбаттар әзірлеп, әлеуметтік желілерге жариялап отырады.  

– Өткен жылы Орталық экстремизмнің алдын алуда нақты қандай жұмыстар атқарды? 

– Облыс көлемінде діни радикализм мен экстремизмнің алдын-алу және дәстүрлі діннің құндылықтарын түсіндіру бағытында аймақта 10 ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған. 

Өткен жылы осы АТТ мүшелері Қызылорда қаласы,  Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарына қарасты 54 елді-мекенде деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытында 146 түсіндірме шаралары өткізді. 

Деструктивті діни ағымдарға қарсы жергілікті ақпараттық-түсіндіру топ мүшелерінің біліктілігі мен оңалту жұмыстарындағы теолог мамандардың пәрменділігін арттыру және көршілес өңірлердің мамандары арасында тәжірибе алмасу мақсатында дөңгелек үстел өтті. 

Орталық мамандары ҚМДБ-ның облыстық өкілдігінің келісімімен орталық мешіттерде жамағатпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Діни бірлестіктермен және діндарлармен жұмыс жасау барысында жыл көлемінде 222 шарада 6474 діндармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Мешіт жамағатына 10 семинар, 2 дәріс, 175 кездесу, 21 акция, 10 дөңгелек үстел ұйымдастырылды. 

Мұнан бөлек мешіт жамағаттары арасында спорттық және танымдық байқаулар өткізіп, оларды қоғамдық іс-шараларға баулуды қолға алдық. 

Жастармен жұмыс жасау бойынша ұйымдастырылған 539 шараға облыстан 31 919 жас қатысқан. Жастар арасында 484 кездесу, 30 дөңгелек үстел, 12 семинар, 7 акция, 6 басқа форматта шара өтті. Аталған шаралар барысында жастарға ақпараттық түсіндіру, сақтандыру, көзқарастарын тұрақтандыру жұмыстары жүргізілді. Жастар арасындағы 257 шараға 13 228 орта және арнаулы, жоғарғы оқу орындарының студенттері, 282 шараға 18 691 мектеп оқушысы қамтылды.   

Сондай-ақ, діни экстремизмнің алдын алуда жастар арасында деструктивті діни ағымдардың теріс идеологияларына қарсы иммунитет қалыптастыру және рухани сананы жетілдіру, жастардың діни экстремизмнің алдын алуға белсенділігін арттыру мақсатында Қызылорда қаласының жоғарғы және арнайы орта  білім беруші мекемелердің (ЖОО және колледж) студенттерінің  қатысуымен облыстық байқау өтті. 

– Орталықта білікті мамандар жеткілікті ме? Әлде… 

– Негізінен теолог, дінтанушы, исламтанушы мамандықтарды жастар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында оқиды. Ірі қалаларда білім алған бітірушілер сонда қалып қойғысы келеді. Сондықтан біздің облыста теолог мамандарының жетіспеушілігі байқалады. 

Әсіресе, орыс тілді азаматтармен жұмыс істейтін, араб тілін еркін меңгерген исламтанушы мамандар тапшы. 

Қазір Дін мәселелерін зерттеу орталығындағы дінтанушы, теолог мамандарымыз бар. Олардың біліктілігін тұрақты жетілдіріп отыру мақсатында түрлі біліктіліктерін арттыру курстарына жіберіп отырамыз. Мәселен, өткен жылы бірнеше маман «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде, арнайы оқу курстарында   білімдерін жетілдірді. 

– Діни ахуалға жүргізілген мониторинг нәтижесі қалай? Мемлекеттің дін саласындағы саясатын және зайырлы ұстанымды халықтың қанша пайызы қолдайды? 

– Дін мәселелерін зерттеу орталығы мамандары аймақ тұрғындары арасында тоқсан сайын сауалнама жүргізіп отырады. Біз бұл жұмысты түрлі бағыт бойынша қамтып отырамыз. 

Сауалнамаға жастар, орта буын өкілдері, мешіт жамағаттары да тартылады. 

2019 жылы облыс көлемінде сауалнамаға қатысушы респонденттердің 92,7% облыстағы діни ахуалдың жай-күйін «тұрақты» — деп бағалаған. Яғни, «тұрақты» — деп жауап берушілердің үлесі 2018 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға артқан. Ал «тұрақсыз» деушілер 7,3%-ды құраған. 

Жалпы алғанда аймақтағы діни ахуалды толық сеніммен «тұрақты» деп есептеуге болады. 

Тұрғындардың басым бөлігі мемлекеттің дін саласындағы саясатын, зайырлы ұстанымды қолдайтынын білдірген. 

– Дінге қатысты бүгінде нақты қандай проблеманы атар едіңіз? Көпшілік қандай нәрселерден сақтану керек? 

– Әрине, ең бірінші кезекте әлеуметтік желілердегі діни мазмұндағы материалдарды атап өткім келеді. 

Интернет кеңістігінде псевдосалафиттік материалдар  (кітаптар, бейне-роликтер, аудио уағыздар, постерлер және т.б.) мен әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың парақшаларында уағыздардың кең таралуы.  

Сондықтан да, діни мәліметтерді ресми сайттардан алу қажет деп санаймын.   

–  Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет. 

                                                                                                                                 Сұхбаттасхан – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz 

 


Комментарии

0 Комментариев

Оставьте комментарий

Ответить