Новости

Қазақстандықтарды Сириядан қайтару жұмыстары жалғасын табады

Қазақстандықтарды Сириядан қайтару жұмыстары жалғасын табады

2019-01-11

Осыдан бірнеше күн бұрын Сириядан қайтарылған 47 қазақстандықтың жетеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».  Видео https://www.youtube.com/watch?v=jx6iChFgEMM

Алтауы ер және біреуі әйел адам. Оларға террористік әрекетке барды деген айып тағылып отыр. Қалғандары, оңалту орталығында әлеуметтанушылар мен психологтардың бақылауына берілді. Жалпы Таяу Шығыс мемлекетінде қазір 400-ге жуық қазақстандық бар. Оларды елге қайтару ісімен Сыртқы істер министрлігі мен құқық қорғау органдары айналысып жатыр. 

Сириядағы сергелдеңнің бел ортасында шамамен 370-380 қазақстандық жүр. Оған сол отандастарымыздың жат жерде дүниеге келген 500-ге жуық перзентін қосыңыз. Бұл тек көзі тірілері ғана. Лаңкестердің арбауына еріп, қаншама қазақстандық жанын пида етті. Қазір сол шейіт кеткендердің жесірлері балаларын ертіп, Отанға оралатын сәтті тағатсыздана күтіп жүр. 

Ал осыдан бірнеше күн бұрын Елбасының тікелей тапсырмасымен жүргізілген гуманитарлық операция нәтижесінде Қазақстанға қайтқан 47 азамат үшін қиындықтың бәрі артта қалды. 

Бақытбек Рахымбердиев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы: 

– Кейбір балалар Сирия аумағында туылған болатын. Оларды құжаттау мәселесі ІШМ және жергілікті органдар арқылы шешіледі. Бізде мұндай рәсімдер заңмен бекітілген. Ешқандай мәселе жоқ. Қайтарылған азаматтар Астана, Алматы қалалары, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарынан. 

«Жусан» атты операцияға еліміздің құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі бірнеше ай дайындалған. Ол үшін шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдармен келіссөз жүргізілді. 

Ержан Ашықбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары: 

– Олармен дипломатиялық деңгейде, арнайы қызметтер арасында келіссөздермен бірлескен іс-шаралар атқарылып келеді. Қазақстандықтарды, әсіресе, Елбасы кеше айтып өткендей, жас балаларды елге қайтару жұмыстары жалғасын табады. Біз бұл мақсат бойынша шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. 

Елге оралғандардың 41-і оңалту орталығына жеткізілсе, 6 ер адам мен 1 әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Бақытбек Рахымбердиев, ҚР ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы: 

– Операция бірнеше ай бойы жүргізілді. Көп қиыншылық болды. Әлбетте, жан-жақты мәселелер толыққанды тексерілді, талқыланды. Көп адамдар лаңкестік тұрғысынан «қайтарылған азаматтар жағынан қандай да бір қауіп бар ма?» деп сұрақ қояды. Тағы да айтайын, ол жағынан бәрі де тексерілді. Қазіргі таңда қайтарылған азаматтардың ішіндегі 6 ер кісі және 1 әйелдің үстінен қылмыстық істер қозғалды. Осылар және қайтарылған басқа азаматтар террористік әрекеттер тұрғысынан толығымен тексеріледі. Егер ондай жағдай дәлелденсе, әрине, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 

Сириядағы отандастарымыздың ата-аналары таяу уақытта перзенттерімен жүздесуі мүмкін. Солардың бірі – Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының тұрғыны Ботагөз Мақатова. Оның ұлы лаңкестердің арбауына еріп, 2012 жылы Сирияға аттанған. Онда ақтөбелік бойжеткенмен отбасын құрып, 3 баланың әкесі атанады. Алайда, Ботагөз ұлының 2016 жылы мерт болғанын естиді. Содан бері келіні мен 3 немересін елге қайтаруды аңсап келеді. 

Ресми мәліметтер бойынша, соңғы 2 жылда Сирияға бірде-бір қазақстандық бармаған. Үшінші елдер арқылы Таяу Шығысқа аттанғысы келгендердің де теріс пиғылы жүзеге асқан жоқ.

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/289247-aza-standy-tardy-siriyadan-ajtaru-zh-mystary-zhal-asyn-tabady



Комментарии

0 Комментариев

Оставьте комментарий

Ответить