Новости

Қазақстанда миссионерлік  қызмет қалай  реттеледі?

Қазақстанда миссионерлік қызмет қалай реттеледі?

2019-09-03

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңының бойынша еліміздегі діни бірлестіктердің қызметі, миссионерлік қызмет, дінтану сараптамасы, ғибадат үйлерін салу, діни әдебиетті тарату секілді барлық қызметтердің тәртібі айқындалған.
Діни қызмет саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы бұйрықта нақты көрсетілген.

                                                                                      Миссионерлік қандай қызмет? 

Ғаламтордан миссионерлік туралы материал іздей жөнелсек, түрлі бағытта жазылған ақпараттарды кездестіруге болады. 

Мамандардың айтуы бойынша миссионерлік латын тілінде «missio» сөзі – тапсыру, аманат ету деген мағынаны береді екен. Демек белгілі бір діннің аманатын арқалай отырып, сол дінді немесе діни ілімді насихаттаушы. Ол діни ілімді тарату үшін Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің атынан қызмет ете алады. 

Миссионерлiк қызметті жүзеге асыратын адамдарды тiркеудi уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне құжаттарын ұсына алады. Ресми тіркеу куәлігін алғаннан кейін барып, миссионерлік қызметін тек өзінің тіркелген аймағында ғана жүзеге асыра алады. Заңға сәйкес миссионерлер уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiндеттi. 

Миссионерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі 

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңының 8-бабының 1-тармағына сәйкес, діни ілімдерді таратуға бағытталған қызметті тек тіркеуден өткен азаматтар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жүргізе алады және олар Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестіктің өкілдері болуы тиіс. 

Елімізде Заң бойынша өңірлердегі Дін істері басқармаларынан тіркеуден өткен миссионерлер ғана діни ілімдерді таратуға құқылы. Кез-келген азамат көшеде, қоғамдық көліктерде, аялдамада немесе басқа да қоғамдық орындарда (базарда, жатақханада, сауда-cаттық орталықтары және т.б.) қандай да бір діннің артықшылығы туралы уағыз насихат жұмыстарын жүргізе алмайды. Діни насихат жүргізген адам заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан болып, заң бойынша жауапқа тартылады.  

Миссионер ретінде тіркелу үшін қажетті құжаттар 

Миссионерлер тіркелу үшін қажетті құжаттар мен материалдарды уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне тапсырады. Олар: 

1) паспорт немесе жеке куәлік көшірмесі; 

2) миссионерлiк қызмет аумағы мен мерзiмi көрсетiлген өтiнiші; 

3) дiни бiрлестiктің атынан миссионерлiк қызметті жүзеге асыру құқығына дiни бiрлестiк берген құжаты; 

4) өкілі миссионер болып табылатын діни бірлестікті Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің және оның жарғысының көшірмесі; 

5) миссионерлік қызметке арналған діни әдебиетті, дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды ұсынады. 

Ал, Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионер ретінде тіркелу үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне қосымша мынадай құжаттарды: 

1) миссионер оның атынан өкілдік ететін дiни бiрлестiктің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша ресми тiркелгендiгiн куәландыратын заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжатты; 

2) Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктің шақыруын ұсынады. 

Шет мемлекеттер берген құжаттардың қазақ және орыс тілдеріне аудармасының дұрыстығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған және аударманы жүзеге асырған аудармашы қолының түпнұсқалығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрінде табыс етіледі.
 

Елімізде қанша миссионер бар?


 Республикада 18 конфессияның 569 миссионері тіркелген. Тіркелген миссионерлердің арасында саны жағынан православиенің және католицизм дінінің миссионерлері басым. 

 

Уәкілетті орган миссионерлік қызметті қай кезде тіркеуден бас тартады? 

Сауалымызға елімізде ең көп миссионер тіркелген Алматы қаласының  Қоғамдық даму басқармасының басшысы Есенбеков Айдар Рахымжанұлы жауап берген еді.   

— Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 5 бабы 10 тармағына және Діни қызмет саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарың басшылыққа ала отырып «Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуде. 

Стандартты басшылыққа ала отырып төмендегідей себептермен миссионерлік қызметті тіркеуден бас тартады: 

біріншіден, дінтану сараптамасының теріс қорытындысы; 

екіншіден, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандықтарына, тұрғындардың денсаулығы мен адамгершілігіне қатер төндіретін миссионерлік қызмет; 

үшіншіден, мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда жазылған деректердің (ақпараттардың) дұрыс еместігін анықтау; 

төртінші себеп, мемлекеттік қызметті алушыға қатысты қызметке немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға талап ететін қызметтің жекелеген түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) болуы; 

бесінші себеп, ақпарат және азаматтық қоғам саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін келісім туралы сұрау салуға берілген теріс жауабы, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы; 

алтыншы себеп, көрсетілетін қызметті алушыға қатысты заңды күшіне енген сот шешімі бар, оның негізінде көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алумен байланысты арнайы құқығынан айырылуы негіз болып табылады. 

Қазіргі таңда шаhарымызда 113 миссионер тіркелген. Жыл басынан осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша Басқармаға 73 арыз түсті, оның ішінде 61 қызмет алушыға рұқсат берілсе, 12 бас тартылды. 

Тіркеусіз миссионерлік қызмет – заң бұзушылық 

Қазақстан аумағында Заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан азаматқа ҚР ӘҚБтК-ның 490-бабының 3-бөлігіне сәйкес Қазақстан азаматтарына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, ал шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға айыппұлға қоса еліміздің аумағынан шығарылып жiберілетін әкімшілік жауапқа тарту қарастырылған. 

Елімізде заңсыз миссионерлік қызметпен айналысып, діни алауыздық тудырған, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталған бірнеше азаматтар бар. Мәселен ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарасақ Шейх Халил есімімен танылған Абдухалил Абдужаббаров — ұлты өзбек, ҚР ҚК 164 бабы, 3 тармағы бойынша 8 жылға сотталды. Қазақстанның сұратуымен Сауд Арабиясынан 2017 ақпан айында депортацияланған. Лекциялары тәкфирлік идеологияға насихаттаған. Ал, Ділмұрат әбу Мухаммад есімімен танымал Ділмұрат Махаматов — ұлты өзбек, Қылмыстық кодекстің «әлеуметтiк, ұлттық немесе дiни алауыздықты қоздыру» және «терроризмдi насихаттау» бабы бойынша 8 жылға сотталды. 2018 жылы қазан айында Сауд Арабиясында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған. Абдурахим абу Ибрахим есімімен танылған Қуаныш Башпаев — ұлты қазақ, ҚР ҚК діни алауыздық қоздыру туралы 164 бабы бойынша 4,5 жылға сотталды. Мәдина Ислам университетінің магистранты. 

Оған қоса тағы бірнеше деструктивті  ағым өкілдері қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 

Елімізде діни қызмет атқару тек заңнама бойынша  жүзеге асуы керек. 

 

Тұрар Түгелұлы

kazislam.kz 

 



Комментарии

0 Комментариев

Оставьте комментарий

Ответить