«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамызға ортақ іс»

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамызға ортақ іс»

2018-08-20

Жемқор. Бүгінгі нарық заманының ең  ауыр індеті де, ең ауыр аты да осы сөз шығар. Кім өзін жемқор атанғанын қалайды дейсіз?! Бірақ атын қаламаса да, осы бір жолмен келетін қандайда бір пайданы шімірікпей қалтасына басатындары бар. Ауруын жасырғанның өлетінін ескерсек, қоғамда бар дертті жоқ  деудің  қажеті шамалы. Бәрі осы жасырудан басталып отыр... Бұл туралы сәл кейінірек.

Атақты француз философы Шарль Луи Монтескье: Қолында билігі бар адам қылмыс жасауға бейім тұрады және ол тиісті шекке жетпейінше, әрекет жасай береді, - деген екен. XVII-XVIII ғасырда жазылған бұл тұжырымның бүгінгі күнге дейінгі өміршеңдігіне қоғамда болып жатқан оқиғалар дәлел бола алады. Тіпті жемқорлық фактілері б.з.д 2,3 мыңжылдықтарда да кездескен.   

Өкінішке орай, біздің елді де бұл мәселе айналып өткен жоқ. Тәуелсіздік алған бойда, бірден нарықтық кезеңге түсе қалған Қазақстан үшін алдымен эканомикасын көтеріп алу керек болды. Барлық күштер тікелей сауда мен халықаралық қатынастарға бағытталды. Бірақ  қиын кезеңде, әлі толық қалыптаса қоймаған мемлекет байлығын қалтасына басқысы келетіндер де күрт көбейді. Жаһандану кезеңіне аяқ басқан Қазақстан ол кезде мемлекеттік қызмет пен қаржы секторын толық сандық жүйеге ауыстырып үлгермеген еді. Сондықтан болар, ел қазынасын жымқырып шетел асқан қандастарымыз аласапыран кезеңде қаптап кетті.

 Бұл тұрғыда,  Елбасы  Н.Ә.Назарбаев: «Сыбайлас жемқорлық – бұл ғаламдық мәселе, одан әлемнің бірде-бір мемлекеті, бірде-бір саяси жүйе, бірде-бір саяси тәртіп қорғалған емес», - деп жемқорлықтың аса қауіпті індет екенін айтады.

Ия, бұл індет. Ал індетке қарсы ем болу керек, анығында иммунитет күшті болу керек. Соңғы жиырма жылдың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты жазалаулар әкімшілік деңгейден қылмыстың ең ауыр түріне дейін теңестірілді. Заң қатал. Соған сәйкес  жемқорлықтың алдына да біршама тосқауыл бола алды. Бірақ түп тамырымен жою мүмкін болмай отыр.

Жолдауда көрсетілген ақпараттарға сүйенсек, соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді. Бұл соңғы үш жылдағы есеп қана.

Сыбайлас жемқорлықпен  күрес  бағытында барлық мемлекеттік мекемелерде қарқынды жұмыс жоспары жасалып, бұл індеттің таралмауына тосқауыл болып келеді. Бұл бағытта Қарағанды облыстық дін істері басқармасы да мемлекеттің сарабдал саясатына өз үлесін қосуда. Алдымен басқарма жайлы шағын анықтама.

«Қарағанды облысының дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесі Қарағанды облысының аумағында дінаралық келісімді, азаматтардың діни сенім бостандығын, құқығын және діни бірлестіктермен өзара үйлесімді әрекетті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.   

Дін істері басқармасы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында тиісті іс – шаралар легін атқаруда. Атап айтқанда, мекеменің ресми сайтында: "Жемқорлыққа қарсы әрекет", "Объектілердің мемлекеттік аудит тізбесі " (кезеңімен аудит жүргізу), "Аудиторлық іс-шаралар", "Бос жұмыс орындары", "Мемлекеттік сатып алу", "Жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау кестесі ", "Нормативтік құқықтық актілер" және басқа да ақпараттар заң нормаларына сай орналастырылған.

         Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалар өкілдерін қабылдау кестесі және «сенім телефоны», ақпараттық бұрыш, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған тұлғалар туралы ақпаратты орналастыру стенді, үздік қызметкерлер жөніндегі ақпаратты орналастыру құрмет тақтасы және де Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) мекеме ғимаратында орнатылған.

         Мемлекеттік сатып алуды орындау кезінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алу жоспары мемлекеттік сатып алу веб- порталында орналастырылады.

         Хаттар мен жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне және де азаматтардың еркін қол жеткізуіне арналған пошта жәшігі орналастырылған. Сенім телефонының нөмірі мекеменің ресми сайтында және ай сайын «Орталық Қазақстан» облыстық баспасөз басылымында жарияланады. Азаматтар мен ұйымдар атынан келіп түскен электрондық хабарлар интернет-сайттада жүзеге асырылады.

         Сондай-ақ, «Дін саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 147 бұйрығына сәйкес мекеме 5 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мекеме арқылы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы көрсетіледі. Көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезінде оларға қажетті жағдайлар жасалады, сонымен қатар мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы қолжетімді нысанда толық және анық ақпарат ұсыну мақсатында мекеме ғимаратында мемлекеттік көрсетілетін стандарт пен регламенттерге ақпараттық бұрыштар бар.

         Сонымен қатар, діни бірлестіктер өкілдерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Қарағанды облысының дін істері басқармасы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен бірлесіп, діни бірлестіктер басшыларының қатысуымен мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты түсіндіру семинарларын, «дөңгелек үстелдерін» жүйелі түрде ұйымдастырады.

Бұл нормалардың бәрі осы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін барынша жариялық негізінде жүзеге асып отыр.

Жемқорлық фактілері көбінесе мемлекеттік қызмет салаларында тіркелгендіктен, қазір мемлекеттік органдардағы процестерді, оның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын сандық жүйеге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлем елдері бұл індетпен күресу үшін бірінде жаза күшейтіліп, бірінде жалақы көлемін арттырып, мемлекеттік қызметкерлер санын азайтып жатыр. Тіпті, көрші Қытай елі жемқорлыққа қатысы барларды өлім жазасына кесуді қолға алған. Осылайша, жемқорлықпен күрес бүкіл әлемнің алдындағы басты міндеттің бірі болып отыр.

XXI ғасыр сыбайлас жемқорлықты экономика аясында мемлекеттік құрылымдардың қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы - деп түсіндіреді. Қай кезеңде де бұл індет бар, әлі де бола береді. Жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау саласының міндеті емес, барша қоғамның міндеті. Менің ойымша, өз елінің дамуына үлес қосқысы келетін кез келген адамда бұл індетке қарсы иммунитет, яғни жемқорлыққа төзбеушілік қасиеттері болу керек сияқты. Жоғарыда айтылғанның бәрі есеп, ресми ақпараттар және заңдық тұжырымдамалар.

Ұлт көшбасшысы Н.Ә Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында адами капиталдың сапасын жақсарту жөнінде айтылған. Адами капитал - ол адами құндылық, еңбек адалдығы, басқа да жақсы қасиеттердің жиынтығы. Ал рухани құндылығы басым адамның ешқашан жаман әрекеттерге бармайтыны айтпаса да түсінікті.

Алмақтың да, салмағы бар. Жемқорлықтың жемі ас болмай, түбі қорлықта қалатындығын замандастарым білсе деймін. Қорыта айтқанда, алдымен адам боп қалайық, ал заман өздігінен түзеледі. Мақала тақырыбы айтқандай, «Жемқор» дейтін ауыр аттан аулақ жүрейік.

 

 

Қарағанды облысы дін істері

басқармасының басшысы                                                      Н. Бикенов