Діни білім берудің заманауи тетіктері

2015-12-07

 

 

Мұхан Исахан,

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті

ДМҒЗТО Исламды зерттеу бөлімінің басшысы

         

Күні кеше ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі діни білімді дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамада еліміздегі діни білім беру ісі жан-жақты қарастырылған. Алдағы бес жылда еліміздегі мешіттерде сауат ашу курстары, қарилар дайындау орталықтары, медреселерде арнайы орта білім беру, жоғары білім алу, магистратура, докторантура т.б діни білім берудің кешенді жүйесі іске қосылмақ. Әсілі, Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, діни білім беру ісі мемлекеттік білім беруден бөлінген-тін. Оның ішінде ҚМДБ-ға қарасты медіреселердің оқу бағдарламасының жүйесі де өзге оқу орындарына қарағанда өзгеше сипатқа ие болатын. Кешегі күнге дейін мемлекетіміз компетенциялық зайырлылық қағидаларына басымдық бергендікткен, медіреселердегі діни білім беру мәселесіне жіті назар аударылмады. Осы себепті медреселер мемлекеттің қамқорынсыз, өз майына өзі қуырылып, дінге жанашыр жекелеген меценаттар мен қорлардың есебінен күн көріп келді.

 

Тұжырымдамада медреселерде біріңғай оқу бағдарламасы һәм діни білім берудің сапасын арттыру мәселесі оң шешім тапқан. Десекте, діни білім берудің сапасын көтеру үшін ең алдымен ұстаздардың біліктілігін шыңдау қажет. Еліміздегі медіресе ұстаздарының  дені - Түркия, Мысыр, Пәкістан және отандық діни оқу орындарын тәмамдаған дінтанушы немесе исламтанушы азаматтардан тұрады. Ұстаздардың діни жоғары білімі болғанымен ислами білім берудің дәстүрлі пәндері - араб тілі, фикһ, ақида, тәпсір, хадис, тарих, этика ілімін қаншалықты игергендігін біле бермейміз. Яғни, ҚМДБ медіресеге қызметке қабылдау барысында ұстаздардан арнайы емтихан қабылдауы керек. Ал, емтихан ұстаздардың жүргізетін пәні бойынша алынуы шарт. Өз ісінің майталманы екенін көрсете білген ұстаздар ғана медіреселерде қызме ететін болса, онда сөз жоқ бұл шәкірттердің сапалы білім алуына игі әсерін тигізеді.

 

Сонымен бірге, медіреселер үшін арнайы қазақ тілінде жазылған діни оқулықтар жоқтың қасы. Осыдан да ұстаздарымыз оқу үрдісінде көбіне-көп қазақ тілінде басылғанымен оқулық әдіснамасы жоқ, құр танымдық діни кітаптарды басшылыққа алады немесе шет тілінде жазылған оқулықтарға жүгінеді. Ал, шет тілінде жазылған оқулықтардың әдіснамасы қазақ баласының психологиясына сәйкес жасалмайтыны бесенеден белгілі. Яғни, оқыту методологиясы бір ізге түспегеннен кейін, бұл шалағай жайттың шәкірттердің білім алуына кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін ҚМДБ әрбір пән бойынша «Үздік оқулық» бәйгесін  жариялағаны жөн. Сонда жан-жақты пісіп-жетілген үздік оқулықтар жазылады деп үміттенуға болады. Медіресе шәкірттерінің білім көрсеткішін белгілеу үшін жылына бір рет медіреселер арасында білім сайысын (олимпиада) өткізіп тұрғанымыз жөн. Ал, олимпиадада жоғарыда атап өткен араб тілі, фикһ, ақида, тәпсір, хадис, тарих, ахлаһ пәндер бойынша жеке-жеке сайыс өтуі тиіс. Бұл шара шәкірттеріміздің Исламдағы белгілі-бір пәнге бейімделуіне өз септігін тигізеді деп ойлаймыз.

 

Қазақстанда білікті исламтанушылар мен дінтанушыларды әзірлеу үшін әлемдік тәжірибенің озық әдістерін қолданған жөн. Мәселен, Египеттегі «Әл-Асқар» университетіне оқуға түсу үшін алдымен медіресені тәмамдауың қажет. Сонда, медіреседегі шәкірт араб тілі мен діни ілімнің теория-методологиясын игеріп, жоғары оқу орнында профессианалды білім алуға сақадай сай болып шығады. Біздің еліміз де білікті дін мамандарын даярлауы үшін жоғары оқу орнындағы дін факультетіне тек медіресе түлектерін қабылдауымыз керек. Сонда, дін саласына көлденең көк атты келіп киліге алмайтын болады. Әрі бұл индивидтерді адастырушы ағымдардан сақтандыруға һәм дүмшелікті жоюға өз септігін тигізетін ізгі шара болмақ. Осы шаққа дейін мемлекетіміз жастарымыздың қандай елде, қандай оқу орнында діни білім алатынын жіті қадағаламағандықтан, бүгінде еліміз шетелде оқып келген дүмше ұстаздардың дін-насихатынан теперіш көріп отыр. Бұл мәселенің алдын-алуымыз үшін жастардың шетелдер де діни білім алуды біртіндеп шектеуіміз керек. Оның орнына отандық діни білім беру мүмкіндіктетін арттырған жөн. Осы тұрғыда ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі діни білімді дамыту тұжырымдамасы ел үмітін ақтайды деп ойлаймыз.