Діни білім беруді дамыту тұжырымдамасы – еліміздің рухани өркендеуіне жасалған маңызды қадам

2015-12-07

 

Муслимов М.Ж.

Дін істері комитетінің

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу

және талдау орталығының жетекші

ғылыми қызметкері

 

 

Таяуда Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Халықтың діни сауаттандыру үдерісін бағдарлаушы бұл құжат – ҚМДБ құзырындағы діни білім берудің мазмұнын, жүйесін, құрылымын және саясатын дамыту жөніндегі ұзақ мерзімге арналған бағдарламасы болып табылады.

 

Тұжырымдама – егеменді елдің тарихында осы бағытта жасалған алғашқы қадамы әрі үлкен жетістігі.

 

Аталмыш құжаттың қабылдануы қазіргі таңда мүфтияттың қоғамдық-діни институт ретінде тағы бір сатыға жоғары деңгейдегі діни бірлестік болғандығын білдіреді. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және Дін істері комитеті секілді мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестік жөнінде меморандум жасасуға қол жеткізген жалғыз діни бірлестік болып табылады. Елдің ішінде қоғамдық рөлі артып, жауапкершілік аясы кеңейе түсті.

 

Үстіміздегі жылы еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен ҚМДБ арасында жасалған келісім-шарт негізінде министрліктің ислам бағытында діни білім беруге қатысты барлық іс-шаралары мүфтияттың қадағалауымен жүзеге асырылады. Осы орайда, қазақстандық діни оқу орындардың мәртебесі көтерілгендігін де ескеру қажет.

 

Бүгінде ел аумағында қызмет ететін медреселер колледж мәртебесіне ие бола бастауда. Ал Алматыдағы «Нұр-Мубарак» Египет ислам мәдениеті университеті діни білім беру жағынан еліміздегі бірден-бір және жетекші жоғары оқу орны ретінде танымал.  

 

Қазақстандағы діни білім беру жүйесінің даму бағдары мен жетілдірілу жолдарын айқындайтын аталмыш құжатта бірқатар стратегиялық маңызды мәселелер көтерілген. Атап айтқанда отандық діни білім беру мекемелерін кәсіби жетілдіру мақсатында тұжырымдамада көп деңгейлі үздіксіз діни білім берудің жаңа моделі мен тұтастай ислами оқу кешенін қалыптастыру мәселесі қарастырылған. Сондай-ақ діни білім алудың қолжетімдігін және оның сапасын арттыруды қамтамасыз ету үшін жоспарлы қадамдар нақты көрініс тапқан.

 

Халықтың діни сауаттылығын арттыру – қоғамның тұрақтылығы мен рухани ауызбіршілігін сақтаудың кепілі. Осыған орай, діни білім жүйесі мен зайырлы білімді ықпалдастыру шаралары қоғамның діни сауаттылық деңгейін жаңа сапада көтеруге және діни білім берудің ұлттық бірыңғай жүйесін құруға жол ашары анық.

 

Көзделген мақсаттарды жүзеге асыру үшін діни білім берудің мазмұнын, нормативтік-құқықтық және материалдық-техникалық базасын жетілдіру қажет. Осы орайда, аталған құжатта Қазақстанда білікті дін мамандарын дайындау үшін әлемдік тәжірибенің озық әдіс-тәсілдерін саралай келе, олардың ішінен ең пәрменділерін қолданудың жоспарлы қадамдары айқын көрсетілген.

 

Тұжырымдаманың маңызды бағдарларының бірі – діни білім берудің қазақстандық дербес жүйесін жетілдіру. Осы қадаммен елімізде біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыруға, радикалды жалған діни идеологияның таралуын тоқтатуға қол жеткізуге болады.

 

Діни білім берудің отандық жүйесін жүйелі дамыту арқылы Қазақстан жастарының шетелдік діни оқу орындарында білім алу үдерісін қадағалауға және бірте-бірте осы үдерісті отандық діни оқу орындарына  бұруға жол ашылады.

 

Ұлт зиялылары мен тарихымызда өткен діни қайраткерлердің ой-толғамдары мен мұрасын жастарға танытатын отандық діни білім беру жүйесі – ұлттық және діни құндылықтарды, рухани мәдениетті, соның ішінде қазақтың мұсылмандық мәдениетін жандандыруға оң ықпал ететіні сөзсіз.