Бірыңғай мектеп формасы – заңды талап

2016-10-12

Бүгінгі күнде Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қойылатын талаптары қоғамдық пікірге біршама қозғау салып отыр. Мектеп формасы “Білім туралы” заң мен арнайы бұйрықта “діни атрибуттар қолданылмайды” деген талап қойылған осыған сәйкес бірыңғай мектеп формасын енгізу қарастырылған. Мектептерде оқушылардың бірыңғай формасына қойылатын талаптардың сақталуы, діни атрибутиканы қолдануға жол бермеу орындылығына қатысты сарапшы мамандардың пікірін білген едік:

Досай Кенжетай, теология және философия ғылымдарының докторы, профессор:

Негізінен Қазақстандағы мектеп оқушыларына бірыңғай мектеп формасын кигізуді шарт деп есептеймін. Бұл шарттың бірнеше қабаттары бар. Біріншісі – зайырлылық. Бұл діни білім беру мен орта мектептердегі зайырлы білім беру арасындағы ұстанымдарға байланысты дүние. Мектеп – бұл мемлекеттік мекеме. Оны да ескеру қажет. Екінші қабатына тоқталар болсақ, ол әлеуметтік қабат. Азаматтар балаларын табыстарына қарай (қымбат немесе арзан) киіндіретін болса, әлеуметтік орта арасында психологиялық, әлеуметтік шектер туады. Киімдердің әртүрлілігі, олардың мүмкіндіктерініңәртүрлілігі біздің мектеп қабырғасындағы балаларымыздың арасындағы жікке алып келеді. Үшінші – діни ахуал. Бұл төзімділікке де байланысты. Бір мұсылман өзінің орамалыменен, бір христиан өздерінің діни киіміменен, бір яхуди өздерінің ритуалдық киімдеріменен немесе оның атрибуттарыменен жүретін болса, бұл жерде мемлекеттік конституциялық бірегейлікке де, дінаралық төзімділікке де қайшы мәселелер туындауы мүмкін. Бұл мәселелерді тудыратын ойлар қоғам мүшелерінің арасында мектеп қабырғасынан қаланып жатса, үлкен проблемалар осы жерден туындайды. Осыған орай, жоғарыда айтылғандарды да ескере отырып, мектептің статусына сай, оның мемлекеттік мекеме екенін ескере келе, ең басты мәселе – бұл біздің мемлекеттігіміздің негізгі ұстанымы болған зайырлылық талаптарына сай, мектеп оқушылары бірыңғай формада киініп, білім алуы керек деп есептеймін!

Кеңшілік Тышхан, дінтанушы:

Бірыңғай мектеп формасына көшу өте тиімді. Оның бірнеше себептері бар. Ең бірінші себеп, біздің елімізде әртүрлі дін өкілдері тұрады, олар әрине өз ұрпағын өз сеніміне баулиды. Осы ретте аталған мәселенің сыртқы формаға да әсер етіп жататын сәттері болатынын біз қоғамнан көріп-біліп жүрміз. Діни ерекшеліктерді пайдалану – мектеп оқушылары арасындағы діни көзқарастардың туындауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Балалар оның мән-жайына толық жете алмауы мүмкін. Екінші мәселе – әртүрлі жағдаймен, мектеп ауыстыруы қажет болған жағдайда, бұрынғы мектеп формасын жаңа мектептің талабына сай ауыстыруға тура келеді. Осы тұста бірыңғай мектеп формасының тиімділігін көреміз. Ата-аналар артық шығындалмайтын боламыз. Бірыңғай мектеп формасына көшкенде балаларға тиімділігі жағы ерекше қарастырылатын болса, бұдан ұтарымыз көп деп ойлаймын. Ұл бала мен қыз балаға лайықты жасалған киім қоғам тарапынан ешқандай теріс пікірге алып келмейді деп ойлаймын. Тағы бір ескерілетін мәселе – дәстүр, халықтың қалыптасқан салты, имандылық пен инабаттылыққа да тән тұстар қарастырылса тіптен жақсы. Мысалы Түркменстанда бірыңғай мектеп формасында 100 пайыз ұлттық киімдері таңдалған. Әрине біздің мемлекет зайырлы, қаншама ұлт пен ұлыс ғұмыр кешіріп жатқандықтан, толыққанды ұлттық нақышқа көше алмасымыз анық, десе де ұлттың ерекшеліктерін екшейтін белгілер көрініс тапса оған ешкімнің таласы бола қоймас деп ойлаймын. Барлығына ортақ бір құндылыққа, барлығымызға ортақ бір стандартқа бекігеніміз жөн болар.

PS.: Қорыта айтқанда, бірыңғай мектеп формасына көшу тиімді. Оны біздің сарапшыларымыз да өз сөздерімен нақтылады. Бүгінгідей, сыртқы форманың ішкі нәзік мәселелерге әсері орасан болып отырған жағдайда, әлеуметтік теңсіздік, діни пікір мен азаматтық пікірдің саналуандығы орын алып, рух таразысының теңселіп тұрған уақытында қай істе де біркелкілік пен бірыңғайлылық қажет-ақ!  

Дін істері комитетінің баспасөз қызметі «Қамшы» сілтейді

http://qamshy.kz/home/show/11059