Сирия асқан әйелдердің «күйеуіме бағындым» деуі шариғатқа сай келмейді

2017-04-12

Бүгінгі таңда қазақстандық қоғамда қыз-келіншектердің дінге бет бұра отырып, азаматтық қоғамнан алшақтауы, оқшаулануға бейімделуі ұрпақ тәрбиесімен қатар, ұлт болашағына үлкен қауіп екені даусыз. Осы орайда еліміздегі діндар әйелдердің басын қосып, дінге қызығушылық танытқан қыз-келіншектерге жол көрсетіп, жөн сілтеп жүрген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Әйелдер-қыздар» секторының орны бөлек.

Қазіргі кездегі діндар әйелдердің қоғамдағы орны қандай және өзге де мәселелер жөнінде Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, ҚМДБ «Әйелдер-қыздар» секторының меңгерушісі Ақбөпе Тілегенова kazislam.kz порталына сұхбат берген болатын.  

– Ақбөпе Қанатқызы, еліміздегі әйел жамағатымен ұдайы байланыста екеніңізді жақсы білеміз. Бірінші сауалымыз – еліміздегі діндар әйелдердің қазіргі қоғамдағы орны қандай?

– Әйел адамның әрқашанда отбасында, бала тәрбиесінде өзіндік орны бар. Әсіресе, атадан балаға мұра болып қалатын салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына осы күнге дейін үлес қосып келеді. Қазіргі кезде әйел адамның бұл  рөлі артпаса, кеміген жоқ.

Әйелдердің жаһандану заманында елдік тұрақтылығымыз бен діни құндылықтарымыздың жандануына қосқан үлесі зор. Әсіресе, бүгінгі таңдағы ұрпақ тәрбиесі мәселесінің оңды шешімін табуда да осы әйел кісілердің орны ерекше. Халық аузындағы «әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген ұстаным  сөзімізді қуаттай түседі.

«Діндар әйелдер» деп бөліп-жармай-ақ қояйық. Олардың да арасында қоғамда еркін өмір сүріп, отбасына да қарап, жұмысына үлгеріп жатқандары, былай айтқанда оқшауланбай жүрген әйелдер де көп. 

 

– Осы оқшаулану дегеннен шығады. Әсіресе, тұрмыстағы әйелдер «күйеуіме бағынуға міндеттімін» деп өздерін қоғамнан тым алшақ ұстайтын секілді. Әйел адамдар еріне бағынуда нені ескеруі тиіс?

– Бұл сұрағыңыз өте өзекті әрі маңызды. Ең алдымен, мұсылман әйел Алла Тағаланың бұйрығына қарсы келмейтін барлық жағдайда күйеуін тыңдауы керек. Умму Саламадан (р.а.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): 

«Қайсыбір әйел жан тапсырып, тірі кезінде күйеуі оған разы болған болса, ол әйел жәннатқа кіреді», – делінген. 

Ал қандай әйелге күйеуі разы болуы мүмкін? Әрине, тірісінде қадірлеген, көңілін тапқан, ерім деп сыйлап, оған шариғат шеңберінде қарсы келмеген әйелге күйеуінің разы болары даусыз. Ислам дінінде отбасылық өмірдегі жұбайлардың шариғат белгілеп берген ақылары нәпіл ғибадаттардан жоғары тұрады. Осыған сай мұсылман бауырларымыз амал етулері керек. 

Әйелдің күйеуіне бағынуы жөнінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«…Мен адамның адамға құрметпен бойұсыну белгісі ретінде сәжде етуді бұйырар болсам, ең алдымен әйелдің өз еріне сәжде етуін бұйыратын едім. Әйелдің ері осыған лайық. Мұхаммедтің билігі қолында болған Алланың атымен ант етемін. Тіпті ері жаныңды бер деп талап ететін болса да, әйел өз еріне қатысты міндетін өтемейінше, Раббысының алдында міндетін өтемеген болады», — деген. 

Тіпті, әйел адам күйеуін жаман іс-әрекеттерден тыйып, күнәға бой алдыруына себеп болмау, керісінше, игі де сауапты істерді атқаруда күйеуіне көмектесуі қажет. Мұндай жұбайларды пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): 

«Мүмін пенде үшін Аллаға иман келтіргеннен кейінгі ең жақсы нәрсе – салиқалы әйелінің Алла тағаланың әмірін орындауда жәрдемдескенін көргенде қуануы», – деп мақтайды. 

– Сонда Сирия асқан көптеген әйелдердің «күйеуіме еріп бардым» деуі тегін емес екен ғой? 

– Негізінен, әйел адам еріне Алла Тағалаға қарсы келмейінше мойынсұнуы керек. Ал, Аллаға қарсы келу деген – шариғатымыз бекіткен амалдарға, Құран аяттары мен хадистерге, Мемлекет басшысы мен дін басшысының шешіміне қарсы шығу. Құран Кәрімнің Ниса сүресінің 59-аятында бұл тұрғыда: 

«Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар,  пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы әрі жақсы нәтижелі болмақ»,-делінген. 

Бұл – қоғамдағы  әрбір мұсылман адам есінде сақтап,  ғұмыр белесінде басшылыққа алуға тиісті өте маңызды ереже. Табиғиндерден Хасан әл-Басри ел билеушілері  жайында:  

«Олар (басшылар) біздің бес түрлі бағытта басшымыз және қорғанымыз: жұма намазына, жамағатымызға (яғни қоғамымызға), мереке-айтымызға, мемлекет шекарасының қауіпсіздігіне және қоғам ішіндегі тәртіпке. Алламен ант етемін, дін аман тұруы үшін басшы қажет. Тіпті, өктемдік етсе де. Алламен ант етемін, олардың өктемдіктерінен ел иігілігіне тигізер пайдасы өте көп. Сондай-ақ, басшыға бойұсыну – құптарлық іс. Ал, басшыны тыңдамау – Алланың берген нығметін қадірлемеу болып табылады»,-деген. 

Сондықтан да күйеуіме қарсы келмеуім керек деп Сирия асқан әйелдердің сенімі мен іс-әрекеті мүлдем дұрыс емес. Өйткені, бір мемлекет пен екінші бір мемлекет келісім жасасқаннан кейін ол елмен жекелеген азаматтар өз басымен барып, ұрсысуға, қарсы соғысуына болмайды.

Бір елдің азаматтары екінші бір елмен соғысуы үшін Мемлекет басшысының бұйрығы және дін басшысының шариғи пәтуасы, яғни, шешімі керек. Ал, енді мұндай жағдайда әрине, ер азаматтардың өзінің ойымен ғана шешімге келіп, өзімен бірге әйелін де соғысқа итермелеуі – надандық әрі күнәһарлық әрекет. Оған ерген әйелдің де іс-әрекеті шариғат шеңберіне сай келмейді. 

 

–Түсінікті. Ақбөпе ханым, РАТТ мүшесі ретінде өңірлерді аралап жүрсіз. Әйел жамағаты, жалпы бүгінгі әйелдер қауымымен жүздескенде не байқадыңыз? Шешілмей жатқан қандай түйіндер бар деп есептейсіз? 

– Өткен айдың соңғы аптасында Алматы өңірінде Дін істері комитетінің бастамасымен бірақатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы кездесулер барысында дінге қызығушылық білдіріп жүрген қыз-келіншектермен жолығып, сұхбаттасып қайттық. Менен басқа да дінтанушылар, психолог мамандар қатысты. Олар еліміздің зайырлылық ұстанымдары мен діни, психологиялық мәселелер жөнінде сөз қозғады.

Аталмыш іс-шаралардың мақсаты – халық арасында дін туралы дұрыс пікір қалыптастыру, дәстүрлі құндылықтарымызды дамыту, әйелдердің отбасын сақтаудағы және ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін талқылау.

Әрине, қоғам болған соң кемшілік те, олқылық та кетіп жататын сөзсіз. Оны біз тағдыры тәлкекке түскен отандастарымыздың өмірінен көре аламыз. Ақпараттық ашық қоғамда елді адастырушы топтардың мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда көп екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Осы тұста интернет желілері мен күмәнді кісілерден діни білім алудың зардабын кездесулер барысында анық ұқтым.

Сонымен қатар елімізде кейбір теріс діни ағым өкілдерінің зайырлылық ұстаным мен дәстүрлі құндылықтарымызды дінге қарсы деп түсіну мәселесін алсақ болады. Өкінішке қарай, мұндай пікірдегі азаматтар әлі қажырлы жұмысты талап етеді. Сондықтан болашақта көптеген шаралар ұйымдастырылуы керек деп білемін. 

– Соңғы сұрақ болсын, Сириядан оралған әйелдерді қоғамға бейімдеуде ел тұрғындары не істеуі керек деп ойлайсыз? 

– ҚМДБ-ның «Әйелдер-қыздар» секторы және оған қарасты әйел ұстаздар «Жусан» операциясымен елге оралған әйелдермен жұмыс істеп келеді. Мен өзім бірнеше облыстардағы оңалту орталықтарына арнайы барып жұмыс істедім, байланыс орнаттым. Бұдан бөлек, Сириядан олардан бұрын өз еркімен елге оралған әйелдермен де жүйелі түрде жұмыс атқарып келеміз, ұдайы байланыстамыз.

Сириядан оралған қыз-келіншектермен діни және психологиялық әдістерді пайдалана отырып, олардың барудағы мақсаттарын, мұндай қадамға не итермеледі, ондағы жағдайлары, ендігі ойлары, діни-таным түсініктері неге бағытталғаны, келешекте қандай мақсаттары бар екендігін анықтап,  бағыт-бағдар береміз.

Оларды қазіргі қоғамға бейімдеу, еліміз ұстанған діни дәстүрлі бағытқа қайтару, салауатты өмір салтын ұстануға, зайырлы қоғам қағидаттарына бойсұну бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Олардың түрлі әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне, қоғамға бейімделуіне, жұмысқа орналасуына, балаларының ортаға сыйсуына, өздерін жалғыз сезінбеулеріне, қателіктерін түсініп, тәубеге келіп, жаңаша өмір бастауына көмектесіп келеміз әрі келешекте басқа да қыз-келіншектердің осындай күйге түспеуі үшін жан-жақты, түрлі әдіс-тәсілдермен жұмыстар жасалып жатыр.  

Әрине, үкіметтік ұйымдар және діни басқармадан өзге қоғамдық мекемелер, еліміздің тұрғындары да қарап отырмай, осы кісілерді қоғамға, салауатты өмірге бейімдеу жолында көмектесулері керек.

Мысалы, кәсіпкерлер жұмыс тауып беру, жекеменшік болса балаларды бала-бақшаға орналастыру, медициналық көмек көрсету, арнайы білім жетілдіру курстарынан өтуге, балаларға репетитор жалдап оқуларына, мектеп бағдарламасына үлгеруге, түрлі қоғамдық орталарда бейімделуілеріне көмектесе алады.

Сөз соңында халқымыз: «Көп түкірсе көл», дейді. Және де: Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапса егер» деген. Сол үшін қайта айналып, елін тауып жатқан қандасқа – елі қол үшін созуы керек дегім келеді.  

–Сұхбатыңызға рахмет!
 

kazislam.kz